Құрылыс жұмыстарына қаражат жергілікті бюджеттен бөлінетін болады
Алматы қаласында жаппай тәртіпсіздік салдарынан бүлінген ғимараттар қалпына келтіріліп жатыр. Оның ішінде мегаполис әкімдігі отыратын бас ғимарат та бар. Түгі қалмай өртеніп кеткен нысан жұмысшылардың күшімен қоқыстан тазартылуда, деп хабарлайды Алматы арнасы.
Қалалық әкімдік ғимаратының ішінен басталған тазарту жұмысы ғимарат сыртында да қызу жүріп жатыр.
Алматы қаласы әкімдігі ғимаратындағы барлық дүние, тіпті керегелердің өзі өртке оранып, сау-тамтығы қалмаған. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Сондай-ақ бұл жерге кірмес бұрын, қалпына келтіру жұмыстарының басы-қасында жүргендер бетперде беріп, қауіпсіздік ережелерімен таныстырды.
Қалалық әкімдіктің ғимаратын тазартуға шамамен 660 адам жұмылдырылыпты. Олар қираған жиһаздарды, өрттен кейін қалдыққа айналған өзге де заттарды сыртқа шығарып жатыр. Айта кетсек, бұл жұмысқа 20-ға жуық мердігер компания тартылды.
«Қалалық әкімдік ғимараты тәртіпсіздік кезінде өртеніп, қирады. Жұмыс көлемі өте үлкен. Сондықтан оны 100 пайыз қайта қалпына келтіреміз. Қазір ішін тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Техникалық тексеру жүргізу үшін барлық салмақ түсетін құрылымдар ашық болуы тиіс. Кеше біз тексеріп шықтық. Ғимарат бұзылмауы мүмкін. Қалпына келтіру жұмыстары шамамен 5-6 айға созылады. Бюджет әлі анықталған жоқ», – деді Алматы қалалық жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев.
Ғимараттың жалпы ауданы 33 мың шаршы метрді құрайды. Қалпына келтіру жұмыстары тазартудан кейін бірден басталмақ. Ал құрылыс жұмыстарына қаражат жергілікті бюджеттен бөлінетін болады.