Тексеру барысында тауар облыс орталығының 36 жастағы тұрғынына тиесілі болып шықты
Петропавлдағы қоймалардың бірінен лицензиясы жоқ 520 литр спирттік ішімдік және 259 блок темекі өнімі табылды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми мәлімет бойынша, рұқсат құжаттары жоқ өнімді Петропавл полицейлері қаланың Бостандық көшесіндегі қоймалардың бірінен тапқан. Лицензияланбаған спирт қосылған сұйықтық пластик бөтелкелерде сақталған. Сондай-ақ шыққан жері белгісіз, акциздік маркасы жоқ темекі өнімі де анықталды.
Тексеру барысында тауар облыс орталығының 36 жастағы тұрғынына тиесілі болып шықты. Нәтижесінде 520 литр алкоголь бар сұйықтық, сондай-ақ 259 блок темекі тәркіленді.
Сараптама тағайындалды.Құрамында спирт бар өнімдерді, сондай-ақ акциздік маркалары жоқ темекі өнімдерін сату және сақтау фактісі бойынша тауар иесіне қатысты әкімшілік материал жиналды. Бұл жыл басынан бері СҚО полицейлері тәркілеген лицензияланбаған алкогольдің ең ірі партиясы.