Ақтөбеде екі күннен соң ТЖ режимі алынып тасталуы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Бірақ төтенше жағдай аяқталғанымен, блокпосттар жұмысын жалғастыра береді

Фото ашық дереккөзден

Екі күннен соң Ақтөбеде төтенше жағдай режимі аяқталуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында облыс әкімі төтенше жағдай режимін алып тастауға қатысты өз пікірін білдірді.

«Төтенше жағдай режимі Мемлекет басшысының бұйрығымен енгізілді. Өңірдегі жағдайды ескеріп, Мемлекет басшысына екі күннен соң төтенше жағдай режимін алып, еркін қозғалысқа рұқсат беруді сұрап, өтініш бердім. Шектеу қала тұрғындары үшін қиындық тудыратынын білемін. Әкімдік жанындағы бизнес нысандары да жұмысын жалғастырар еді. Дегенмен қауіпсіздік күшейтіледі», - деді Оңдасын Оразалин.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, төтенше жағдай аяқталғанымен, блокпосттар жұмысын жалғастыра береді.

Сонымен бірге, өңір басшысы  Ақтөбе облысында әкімдік ғимаратынан өзге нысанның бүлінбегенін атап өтті. Ал облыс әкімдігінің шығыны әзірге 300 млн теңге деп бағаланып отыр.

«Қазір шығын көлемі анықталып жатыр. Огртехника бүлінді. Есік-терезе сынған. Тіпті асханада қасық-шанышқыны алып кеткен. Баспасөз қызметшісінің алдындағы кітаптарға тиіспеген, бірақ компьютері бүлінген екен. Мемлекеттік қызметкерлердің жеке заттары да жоғалып кеткен. Телефон, сағаты бар», - деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.