Күдіктілер Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының Қабанбай батыр даңғылы 31 мекенжайындағы әкімшілік ғимаратқа келуі қажет
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан жауап алуға шақырылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратура мәліметіне сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке, "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданға және басқа да тұлғаларға қатысты "Астананың жаңа көлік жүйесі" LRT, BRT/ITS жобасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Тергеу жинаған айғақтар күдікті Сұлтанбековтің іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясындағы 176, 235-баптары және қолданыстағы ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша саралауға мүмкіндік берді. Арданның заңсыз әрекеттері 1997 жылғы ҚК-нің 176-бабы, 262-бабы және қолданыстағы ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша сараланды", - делінген Бас прокуратура хабарламасында.
Ресми хабарламада көрсетілгендей, күдіктілер Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының Қабанбай батыр даңғылы 31 мекенжайындағы әкімшілік ғимаратқа келуі қажет.
"Тергеу әрекетіне қатысу үшін күдіктілер қорғаушыны өз бетінше шақыруға не қылмыстық процесті жүргізетін органға қорғаушы алу туралы өтініш жасауға құқылы. Егер қорғаушыны күдіктілер немесе олардың заңды өкілдері, сондай-ақ олардың тапсырмалары бойынша басқа да адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді", - деп түсіндірілген Бас прокуратура құжатында.