Астанада мас жүргізуші 20 тәулікке қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды

Фото ашық дереккөзден

Елорда аумағында криминогендік жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдай кезеңінде қылмыстардың уақытылы алдын алу және жолын кесу мақсатында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өтуде. Бұл туралы Azattyq Rýhy Нұр-Сұлтан қаласы комендатурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Осыған байланысты аулаларды және пәтерлерді аралау, ТЖ және карантин кезеңінде заңбұзушылықтарға жол бермеу туралы елорда тұрғындарымен және қонақтарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Өткен тәулікте қалада 105 жол-көлік оқиғасы тіркелді, зардап шеккендер жоқ.

Мас күйінде көлік жүргізгені үшін бір жүргізуші ұсталды.

Күндізгі уақытта Сейдалин көшесімен келе жатқан «HYUNDAI Tucson» маркалы автокөлігінің 54 жастағы жүргізушісі «HYUNDAI ACCENT» автокөлігіне соқтығысты. Куәландыру нәтижелері бойынша «HYUNDAI TUCSON» жүргізушісі орташа ауырлықтағы мас күйде болған. ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешіміне сәйкес, тәртіп бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.