Қаржы министрінің баспасөз хатшысы тағайындалды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол – танымал тележүргізуші, журналист, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері

Гүлмира Дайрабаева Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің баспасөз хатшысы және Қоғаммен байланыс департаментінің директоры лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Гүлмира Дайрабаева – танымал тележүргізуші, журналист, медиаменеджер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері. Мемлекеттік саясат және басқару магистрі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Sophia-Antipolis атындағы шетелдіктерге арналған Франция институтының, USC Sol Price School of Public Policy, Оңтүстік Калифорния университетінің, АҚШ, Мемлекеттік саясат және басқару академиясының түлегі.

Г. Дайрабаева «Қазақстан» теле-радио корпорациясында «Таңшолпан» таңғы бағдарламасының тұңғыш жүргізушісі болды, кейіннен осы корпорацияда Таңғы бағдарламалар департаментін басқарды. Сонымен қатар, «Хабар» агенттігінде, «НТК» және «Қазақстан» телеарналарында қызмет етті, Францияның «FRANCE-3» мемлекеттік арнасында CIFAP халықаралық ұйымының аудиовизуалдық тағылымдамасынан өткен. Республикалық гендерлік саясатқа арналған әлеуметтік телевизиялық бағдарламалардың алғашқы авторларының бірі. Тікелей эфирде «Сырға» атты қазақ-француз телешоуын жүргізді.

Қазақ, орыс, ағылшын, француз және sign language (мылқаулар тілін) тілдерін меңгерген.