Бүлік кезінде өртенген көліктердің құнын кім өтейді?

Автор: Azattyq Rýhy

Сақтандыру компаниялары әліптің артын бағамыз деген сыңайда ешкімге ешқандай уәде беріп жатқан жоқ

Фото ашық дереккөзден

Алматыда бүлік кезінде бүлінген, өртенген көліктердің санын полиция әлі есептеп жатыр. Соңғы оқиғадан соң есін енді жиып жатқан көлік  қожайындары енді не істейді? Сақтандыру компаниялары жанып кеткен көлік құнын толық өтей ме? КТК арнасы осы мәселенің ақ-қарасын ажыратуға тырысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 Салоннан шыққанына тоғыз ай да болмаған Рафаэль Абдрашитовтің жаңа көлігі түгі қалмай жанып кеткен. Дәл Республика алаңының артындағы ауланы да аттандағандар ылаңдаған. Отқа оранған сәті осы жерден өтіп бара жатқандардың камерасына түсіп қалыпты.

«Таңертең атыс сәл саябырлаған кезде келіп көлікті көрдік. Түгі қалмай жанып кеткен. Сол күні полицияға хабарласқанмен ешкім жауап бермеді. Араға үш күн салып бір-ақ келді. Көрші үйде тұрамын. Атыс басталғанда көлікті басқа жаққа қойсам ба деп ойладым. Бірақ темір адам жанынан қымбат емес қой. Не де болса жағдайдың тынышталғанын күттім», - дейді қала тұрғыны Рафаэль Абдрашитов.

Өртенген көліктер қаланың тек орталығында ғана емес, шеткі жақтарында да көп. Осы күндер аралығында үреймен үйінде отырғандар кешеден бері ғана жанып кеткен темір тұлпарының қаңқасын көруге шықты.

Куәгерлердің айтуынша, 5-6 қаңтарда бүлікшілердің бір бөлігі Райымбек пен Саин көшелерінің қиылысына шоғырланып жолдың бір бетін жауып тастаған. Одан кейін қарсы беттегі жанармай бекетіне от қойған. Артынша жапсарлас орналасқан көліктерге техникалық қызмет көрсету орталғына лап берген. Ә дегенде ішке кіргенде сол жақ қанатта далада тұрған көліктердің тек күлі қалған. Бұл ғимаратқа от қоймас бұрын сыртта тұрған дүкенге кіріп заттарын үптеп кеткен. Тек содан кейін от қойған. Бүлік болған уақытта бұл аумақта 11 көлік болған. Оның екеуін ұрласа, қалған тоғызын жағып жіберіпті.

«Ғимаратты есепке алмайтын болсақ, шамамен, тек өртенген көліктер мен іштегі құрылғы, заттардың құны 120 миллионнан асады. Жалпы 11 көлік болды. Полиция департаменті мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына арыз жаздық. Ары қарай не істеу керек екенімізді айтатын олардың нұсқаулығын күтіп отырмыз», - деді Техникалық қызмет көрсету орталығының қожайыны Кирилл Нагиев.

Сақтандыру мәселесіне келер болсақ, жауап әзірге екіұшты. Елдегі жүргізушілердің көбі стандартты келісімшартқа отырған. Ол сақтандыру қағазы тек жол апаты болып, оны полиция тіркегенде ғана жарамды. Ал ерікті жасалатын сақтандыру қызметін алғандар көп емес. Өйткені құны қымбат. «Бірақ осындай оқыс жайттар келісімшартта көрсетілуі мүмкін» дейді мамандар.

«Егер көлігі өртенген адамда ерікті түрде жасалған КАСКО атты сақтандыру келісімшарты болса, бірінші кезекте қандай жайттарды сақтандыру өтейтінімен танысуы қажет. Әр келісімшарттың тармағы әртүрлі. Сондықтан өзі тіркелген сақтандыру компаниясына барып арыз жазуға тиіс. Егер олардың ұсынысымен келіспесе, құзырлы органға арыз жаза алады», - деді Сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы Виталий Веревкин.

Рафаэль Абдрашитов та өзі тіркелген сақтандыру компаниясына жүгінді. Бірақ әзірге сақтандыру компаниялары әліптің артын бағамыз деген сыңайда ешкімге ешқандай уәде беріп жатқан жоқ.