Үкімет үйінде жаңа министрлер ант берді

Автор: Әсел Оршыбекова

Үш аптаның ішінде Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы дайындалуы тиіс

Фото: zakon.kz

Бүгін Үкімет үйінде жаңадан жасақталған Үкіметтің бірінші отырысы өтті. Кеше ғана тағайындалған бірқатар жаңа министр елімізге адал қызмет етуге салтанатты түрде ант берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жаңа Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Әділет министрі Қанат Мусин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Энергетика министрі Болат Ақшолақов мінберде салтанатты түрде ант берді.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Президенттің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы ақпан айының басында дайын болатынын ескерді.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына бірқатар ауқымды міндет қойды. Оның үстіне біз үш аптаның ішінде Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын дайындауымыз қажет. Ол ақпан айының басында өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатын болады», - деді Әлихан Смайылов.