Нұр-Сұлтанда эпидемиологиялық ахуал нашарлай түсті – қала әкімі
Шаһар басшысы тұрғындарды вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырды

Нұр-Сұлтанда соңғы күндері эпидемиологиялық ахуал нашарлай түсті. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шаһар басшысы тұрғындарды вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырды.
«Құрметті қала тұрғындары! Қалада қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша ахуал тұрақты. Алайда, соңғы күндері эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап кетті. Елорда «қызыл» аймаққа өтті. Егер бұған дейін коронавирус жұқтырудың тәулігіне орта есеппен 100-ге жуық жағдайы тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш 1200-ден 1,5 мыңға дейін өзгерді! Күніне 100-ге жуық науқас ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Бұл жай ғана сан емес, оның әрқайсысының артында әр азаматтың денсаулығы тұр. Ал бұл қаланың медициналық мекемелеріне үлкен жүктеме!», - деп жазды А.Көлгінов Instagram-да.
Оның айтуынша, елордада вирустың жаңа «омикрон» штамы тіркелгелі ахуал күрт нашарлаған.
«Каламызда коронавирустың жаңа штамы – «омикрон» пайда болғалы бері науқастар қатары күрт өскенін байқап отырмыз. Дәрігерлер айтқандай, бұл жағдай өткен мерекелік күндермен тікелей байланысты. Омикрон штамы жылдам тарайды, барлық жастағы адамға жұғады. Жедел медициналық жәрдем станциясына тәулігіне 4,5 мыңнан аса адам жүгінеді, шақырулар – 2 мыңнан астам. Науқастар санының одан әрі өсуіне жол бермеу үшін қала тұрғындарын санитарлық нормаларды қатаң сақтауға, адам көп жиналатын орындарға бармауға, бір-біріне қонаққа бармауға, ірі отырыстарға қатыспауға шақырамын», - деді Нұр-Сұлтан басшысы.