4 дос Қарабұлақ су бөгеніне балық аулауға барған
Ақмола облысында боранда қар құрсауында қалып қойған төрт балықшы құтқарылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 дос Қарабұлақ су бөгеніне балық аулауға барған. Кешке қарай үйге жиналған олардың көлігі боранда қар құрсауында қалған. Балықшылар шарасыздықтан «112» арнайы желісіне қоңырау шалып, көмек сұраған.
«Шақырту орнына Степногор қаласының 3-ші өрт сөндіру бөлімінің кезекші ауысымы дереу жетіп, қар құрсауындағы автокөліктен 4 ер адамды эвакуациялады», - деді ведомстводан.
Осы ретте, Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарын қыс мезгілінде ауа температурасы төмендеп, жел көтерілгенде және қар жауған кезде елді мекендерден алысқа ұзап шықпауға шақырады.