«Nur Otan» партиясы өзінің мойнына артылған жауапты міндеттерді атқарып келеді – Айдос Сарым

Автор: Azattyq Rýhy

Қанша сынаса да, қарапайым халық басына іс түскенде «Nur Otan»-ның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне барып шағымданады

Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым еліміздің бірқатар өңірінде болған тәртіпсіздік кезінде «Nur Otan» партиясының ғимараттарына зақым келгенін айта келе қазір партия белсенділері Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда және т.б. қалаларды реттеу жұмыстарына кіріскенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қаңтардың алғашқы күндеріндегі оқиғалар мемлекеттің тұтастығына, елдің бірлігіне, саяси жүйеге түскен сын болды.

Осындай қиын-қыстау кезеңде қоғамның Президент Қ.К.Тоқаевтың айналасына топтасуы төтеннен келген қатерді ауыздықтауға сеп болды. Осы күндері «Nur Otan» партиясы алдыңғы шепте болды, партияның атынан сайланған Мәжіліс және мәслихат депутаттары, өңірдегі партия басшылары халықтың арасында жүрді, елді бүлінуден сақтауға барынша күш салды.

Бүлікшілер ойран салған оқиға кезінде партия депутаттары, қызметкерлері мен партия жанынан құралған еріктілер тобы әскерилерге моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп, оларға ас-су, ыстық шәй таратты. Мұны «Nur Otan» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының міндетін атқарушы А.Қырықбаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында атап өтті», - деп жазды Айдос Сарым.

Ол өз сөзінде партия Мақтарал, Арыстағы төтенше жағдайлар кезінде, пандемия уақытында үлкен жұмыстар атқарғанын айтып өтті.

«Әрине, мұның бәрі әр азаматтың мемлекет алдындағы борышы. Дегенмен, билеуші партия ретінде әрі мемлекеттік жүйенің беріктігін қамтамасыз етуші ең басты институционалдық саяси ұйым ретінде «Nur Otan» партиясының оқиғалардың бел ортасында жүруі заңды.

Сондықтан да ел басына күн туған кезде қоғам басқа саяси партияларды емес, ең әуелі «Nur Otan»-ды іздейді. Қанша сынаса да, қарапайым халық басына іс түскенде «Nur Otan»-ның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне барып шағымданады.

Билеуші партия Мақтарал, Арыстағы төтенше жағдайлар кезінде, пандемия кезінде, қазір де ұрандатпай-ақ үлкен істер тындырып жатыр. Бұған дау жоқ. Арзан ұран, жалған абырой –  билеуші партияның стратегиясына қайшы», - деді ол.

Ол өз сөзінде партияның өңірлердегі ғимараттарына айтарлықтай зиян келгенін айта келе бұл бүлікшілердің о бастан жоспарлаған ісі болғанын тілге тиек етіп өтті.

«Бүлік кезінде партияның бес-алты аймақта ғимаратына зақым келгені, өрт қойылғаны белгілі. Осы жерде басын ашып кететін жайт – облыс орталықтарында партия ғимараттары бас алаңда, облыс әікмшіліктері ғимаратының жанында орналасқан. Әкімшіліктер ғимаратын кәсіби күзет қорғағанда, филиал ғимараттарында қарапайым қызметкерлер ғана болған. Сондықтан филиал ғимараттарына жасалған шабуыл – «таз ашуын тырнадан алады» дегенге сай, ашулы топтың ызасын алуға ыңайлы болды. Егер арнайы оқталып келетін болса батыс, шығыс, солтүстік өңірлердегі немесе Алматы қаласындағы қалалық филиалға залал келтіруші еді. Оқиға кезінде бүлікшілер Алматыдағы ескі алаңның маңындағы қалалық филиалы ғимаратының алдынан бірнеше рет өткен. Сондықтан бүлікшілердің жоспарында алғашқы кезекте әкімшілік және құқық қорғау органдарының ғимараттарына шабуыл жасауды көзделгені анық. 

Қазір партия белсенділері Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда және т.б. қалаларды реттеу жұмыстарына кірісті. Кім не десе де, билеуші партия өзінің мойнына артылған жауапты міндеттерді атқарып келеді. Қазір наурыз айында өтетін партия Съезіне дайындық жұмысы жүріп жатыр, онда төрағалық құзырет Президент Қ.К.Тоқаевқа беріледі.

Қазір ғана Парламент отырысында премьер-министр лауазымына «Nur Otan» партиясының мүшесі Әлихан Смаиловтың кандидатуры мақұлданды.

Енді бізге елді ірітетін емес, біріктіретін істер керек!

Күшіміз – бірлікте!» – деп жазды Айдос Сарым.