Бүлікшілер орталық алаңда ереуіл бастала салысымен, сауда үйіне үш тараптан шабуыл жасаған
Бүлікшілер Алматыдағы ірі сауда үйінің 120 бутигін тонап кетті. Олар ұрлық жасағанымен қоймай, алып дүкенді өртеуге тырысқан, деп хабарлайды Экспресс К.
Дүкен басшысы әуелі арнайы дайындалған кәнігі ұрылардың шабуыл жасағанын айтады.
Қаланың Жібек жолы бойында орналасқан "Пассаж" сауда үйі Назарбаев даңғылы мен Қонаев көшесін жалғап тұрған алып ғимарат.
Бүлікшілер орталық алаңда ереуіл бастала салысымен, сауда үйіне үш тараптан шабуыл жасаған. Қарауылдардың айтуынша, бақайшығына дейін мұздай қаруланған топ өте жылдам әрі нақты жоспармен әрекет еткен. Олар бірден бағалы мүлік саудалайтын орындарды талқандап, қымбат телефондар мен гаджеттерді, алтын бұйымдарын қолды еткен. Банкоматтарды бұзып, ішінен ақшасын алуға тырысқан.
«Қарақшылар банкоматтарды бұзғанымен, оны аша алмаған. Алайда темір кесетін "болгаркамен" біраз қидалапты. Дүкенге шабуыл жасаған алғашқы топ мықты дайындалған кәсіби ұрылар болған. Одан кейін маңайдан өткен-кеткеннің бәрі тонаумен айналысқан», - дейді сауда үйінің директоры Ермұхан Жәкішев.
Тонаудың екінші күні түскен ұрылардың арасында балалы әйелдер де болған. Кейбір тонаушылар тіпті сауда үйіне өрт қойып, жағып кетуді көздеген. Жедел жеткен қарауылдарды көріп, өрт шығармақ болған топ қашып кеткен.
Елу шақты адам сауда орнын екі күн бойы тонаған. Олар дүкеннің ішінде үстеріндегі ескі киімдерін жаңа киімге ауыстыруға дейін барған. Қазір олардан қалған киімдерді полиция экспертизалық тексеруге алды.
«Олар нөмірлері шешілген көліктерін есік алдына қойып, ұрлаған заттарын бірден мәшинеге артып алған. Бізде кей бутиктер шабадан сатумен айналысушы еді, ұрылар бірден сол шабадандарға барлық бағалы заттарды салып алып кеткен», - деп толықтырды сауда орнының басшысы.
Тонаушылар кімге екені белгісіз, "Жеңдер, иттер!", "Міне, сендердің табыстарың!" деген ызалы сөз жазып қалдыруды да ұмытпаған. Сауда үйінің қызметкерлері тонаушылардың тым қатігездігінен шошып отыр.
Әзірге келтірілген шығындар есептелуде. Шамамен ондаған миллион теңгенің шығыны келтірілгені анық.