Президент: Содырлар өз ізін суыту үшін серіктестерінің мәйітін алып кетпек болды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүкіл ел бойынша 100-ден астам сауда үйі мен банк тоналған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында содырлардың шабуыл кезінде қолданған тәсілдерін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы террористік әрекеттерден кейін бүкіл ел бойынша 1270 бизнес субъектісі зардап шегіп, 100-ден астам сауда үйі мен банктің тоналғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, қылмыскерлер ізін суыту үшін халықаралық тәжірибедегі әдістерін жүзеге асырмақ болғаны айтылды.

«Үлкен материалдық залал келтірілді, оның мөлшерін арнайы мемлекеттік комиссия бағалайды. Террористердің, оның ішінде шетелдік содырлардың Қазақстанға қарсы шабуыл жасағанын сеніммен айта аламын. Қарақшылар түнде мәйітханаларға шабуыл жасап, қайтыс болған серіктерінің денелерін алып кетпек болған, бұл кездейсоқ емес. Олар сонымен бірге өз жауынгерлерінің денелерін ұрыс алаңынан алып кетіп жатты. Бұл халықаралық террористердің тәжірибесі. Осылайша олар іздерін қалдырмауға тырысады. Бұл біздің территориямызда хаос тудырып, содан кейін билікті басып алмақ болғандардың әрекеті», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.