Төтенше жағдай кезінде құрылған жедел желі арқылы тұрғындарға онлайн көмек көрсетілуде
6 қаңтардан бастап 20 мыңға жуық адам онлайн көмек алған
Елде төтенше жағдай кезінде жедел желі жұмыс істеп тұр. Әрбір азамат 1414 нөмірі арқылы онлайн-кеңес ала алады. 6 қаңтардан бері 20 мың қоңырау келіп түскен. Тәулік бойы туған-туыстарын із-түзсіз жоғалтқандармен, эмоционалды қиындықты бастан кешкен тұрғындарға көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Хабар 24 арнасына сілтеме жасай отырып.
Ел бойынша террористік актілерден зардап шеккен, туған-туысын жоғалтқан және психоэмоционалды қиындықтарды бастан өткізіп жатқан азаматтарға 1414 желісі арқылы кеңес беріліп жатыр. 6 қаңтардан бастап 20 мыңға жуық адам онлайн көмек алған.
Мамандардың айтуынша, қоңыраудың басым бөлігі Оңтүстік өңірінен, атап айтқанда, Алматы, Қызылорда, Тараз және Шымкенттен келіп жатыр. Оларға жедел ақпарат берілуде. Сонымен қатар азаматтар өңірдегі күдікті іс-әрекеттер мен адамдар жайлы да баяндап отыр. 102 нөміріне хабарласа алмағандар да жедел желімен байланыста.
Айта кетерлігі, жедел желіге СМС-хабарлама да жіберуге болады. Мамандардың айтуынша, қазір орталықта жүктеме аз. Телефон соққан адам желіге көп күтпей қосыла алады.