Алматы маңындағы биозертхананы белгісіз біреулердің басып алғаны туралы жалған ақпарат тарады
Бұл қауесетті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белгісіз біреулер Алматы маңындағы әскери биозертхананы басып алғаны туралы ақпарат тарады. Хабарламада нысан жанында химиялық қорғаныс костюмдерін киіп алған мамандар жұмыс істеп жатыр, демек, қауіпті патогендер сыртқа ағып кеткен болар деп айтылған. Бұл жалған, деп хабарлайды stopfake.kz.
Бұл қауесетті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жоққа шығарды.
"Бұл фейк. Нысан күзетілуде", – деп хабарлады ведомстводан.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы маңындағы орталық зертхана 2017 жылы салынған және оның негізгі қызметі диагностика болып табылады. Онда аса қауіпті инфекциялар ошақтары зерттеледі, дәрігерлер оқытылады және қауіпті қоздырғыштар сақталады.