Төтенше жағдай режимін бұзғандарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке қамауға алынады
Қарағанды облысында төтенше жағдай режимін бұзған 86 адам ұсталды. Құқық қорғау қызметкерлері тіркеуде тұрған 3 аңшы мылтығы мен 1 пневматикалық тапаншаны тәркілеген. Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде тіркелген қарудың өзін тасымалдауға және алып жүруге болмайды. Бұл туралы Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Сондай-ақ бақылау бекетінде Қазақстан Республикасындағы тіркеу мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен Өзбекстан азаматы ұсталды.
Қазіргі уақытта тек Қарағанды маңына 8 бақылау бекеті қойылған. Кірген-шыққан көліктің барлығы жіті тексеріледі. Төтенше жағдай режимін бұзғандарға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке қамауға алынады.
«Төтенше жағдай жарияланған кезден бастап полиция бөлімдеріне 128 адам жеткізілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476 бабы, яғни, төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 86 құқық бұзушылық анықталды. Қарағанды облысында комендатураның жедел штабы құрылды. Өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан мен ҚР қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері қызметтің күшейтілген режиміне көшірілді», - дейді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.