Қалада әлі де арнайы операция жүріп жатыр
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бүгінгі күні қаладағы жағдай туралы баяндап берді. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Әкім орынбасарының айтуынша, Алматыда жағдай салыстырмалы түрде тұрақты.
"Осы түнде ғимаратқа шабуыл жасалмады. Түн салыстырмалы түрде тыныш өтті", - деді Ержан Бабақұмаров.
Алматы әкімінің орынбасары ұсынған ресми ақпаратқа сәйкес, қалада бандалық топтардан мына аймақтар қорғалған: Президент резиденциясы, Алматы әкімдігі, Республика алаңы, Думан ықшамауданы, "Карсити" СҮ аумағы, Әуезов және Наурызбай аудандары.
Лаңкестік шабуылға, ұрлық және басқа да қылмыстарға қатысы бар 850-ге жуық адам ұсталғаны, қару мен оқ-дәрілер тәркіленгені де хабарланды.
Қалада әлі де арнайы операция жүріп жатыр.
"Тазарту жұмыстары қала бойынша жүріп жатыр. Тұрындарға әскери биліктің талабын орындап, коменданттық сағат ережелерін сақтауға кеңес береміз. Ең бастысы коменданттық сағат уақытында 23.00-ден 7.00-ге дейін үйден шықпаңыздар", - деді ол.