Bek Air бортындағы пилоттар бір-бірімен боқтасқан: апат алдындағы диалог жария болды
Ұшақ жерге доңғалақсыз, бауырымен қонған
27 желтоқсанда Алматы әуежайында апатқа ұшыраған BekAir компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағын басқарған пилоттардың өзара әңгімесі жария болды. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр оқиғаның хронологиясын айтып берді.
«Таңғы 7 сағат, 20 минут, 2 секундта ұшақ қозғалды. 7 сағат, 20 минут, 41 секундта 140 узел жылдамдықпен алдыңғы шасси көтерілді. 7 сағат, 20 минут, 45 секундта 148 узелмен ұшу жолағынан ажырап шықты. Бұл – максималды жылдамдық. Осыдан кейін әуе кренімен сол жаққа 5 градусқа, сосын оң жақ кренімен 19 градусқа қисайған. Содан кейін қайтып сол жақпен 15 градусқа қисайды.
Экипаж басқару құралдары арқылы ұшақты қажетті траекторияда ұстап тұруға тырысқан. Әрлі-берлі қозғалыстың әсерінен шасси мен ұшақтың сол қанаты жерге тиген. Осыған қарап екінші пилот 10 секундтан кейін қозғалтқыш жылдамдығын азайтып, ұшақты тоқтатқысы келіпті. Бірақ 4-5 секунд өткен соң қозғалтқыштың жұмысы қайта күшейтіліп, әуе кемесі ұшуды жалғастырады», - деді Р.Скляр.
Вице-Премердің сөзінше командир мен пилот апат алдында не болғанын түсінбей, тосылып қалған.
«7 сағат, 20 минут, 53 секундта ұшақ сол жақ қанатқа қисая бастағанда командир «Не болды?» дейді. Оған 1 секундтан кейін екінші пилот «Білмеймін не болғанын. Стабилизатор, тоқтат» деп жауап береді», - деп Р.Скляр ұшқыштардың сөздерін қайталады.
Әуе техникасының кабинасында соңғы сәттерде командир мен пилот бірін-бірі балағаттаған. Премьер-министр орынбасары диалогтың бұл тұсын оқымай, аттап кетті.
«Бірақ екінші пилоттың сөздерінен газды азайтқанын байқаймыз. 7 сағат, 20 минут, 57 секундта әуе кемесінің командирі екінші пилотқа «Керек емес, не істеп жатырсың?» дейді. Бұл жерде командирдің басқару тірегін ұшу режиміне ауыстырғаны анық. Ол осы әрекетін «Кеттік, кеттік, кеттік» деген сөздермен жалғайды. 7 сағат, 21 минут, 4 секундта «Шассиді алып таста» деп бұйрық береді», - дегенді айтты, ол.
Әрі қарай әуе кемесі ұшу жолағына бірнеше рет соқтығысқан. Нақтырақ айтқанда ұшақ қанаты жерге 6 рет, шассиі 1 рет, сол жақ қанаты 1 рет тиген. Осының әсерінен ұшу жолағының 38 отты жарығына зақым келіпті. Сөйтіп, Сағат 7-ден 21 минут, 15 секунд өткенде 5 метр биіктікке ұшақтың дөңгелектері жиналған. Сосын ол бауырымен қонып, қара жермен сырғып үйге соғылған.
Айта кетейік, борт командирі Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза тапты. Пилот Міржан Мұлдақұлов ауруханада есін жиды.
Роман Скляр ұшақ апатына себеп болған негізгі нұсқаны да атады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан