Құрылыс саласында 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді
Қазақстанның 15 өңірінде құрылыс саласында оң серпін бар. Бұл туралы Azattyq Rýhy Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктің хабарлауынша көшбасшы өңірлер – Маңғыстау (118,5%), Ақмола (110,8%), Жамбыл (110,2%), Атырау (107,6%), Шығыс Қазақстан (107,5%), Алматы (107,3%) облыстары мен Алматы (120%), Шымкент (109,6%) қалалары.
«Көш соңында – Қызылорда (95,9%) және Қарағанды (89,8%) облыстары. Биылғы 11 айдың қорытындысында құрылыс жұмыстары 4,6 трлн теңгеге орындалды. Бұл 2020 жылдың деңгейінен 6,2% жоғары.
Өткен жылдың қорытындысында елдің ЖІӨ-дегі құрылыс саласының үлесі 6,1% (2021 жылдың қорытындысы бойынша болжамды көрсеткіш - 6,25%) құрады.
Бүгінде құрылыс саласы – үлкен әлеуметтік маңызы бар елдің экономикалық өсуінің локомотиві. Құрылыс саласында 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді (оның ішінде 2 420 кәсіпорын құрылыс материалдарын өндіреді). 641 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.