Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Алматы облысында ауылдасының көлігін ұрлап, артынша оны бөлшектеп тастаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға Ақсу ауданында болған. Ауыл тұрғыны жұмысынан үйіне оралған уақытта ауласындағы жеңіл көлігінің қолды болғанын байқаған. Ол бірден полицияға арыз берген. Көліктің ақауы болғандықтан, жүрмей тұрғанын анықтаған тәртіп сақшылары оның алысқа кетпеуі мүмкін деген пайыммен жақын маңды аралап, шолу жасаған
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жедел-іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 19 жастағы жергілікті тұрған ұсталды. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмысын мойындап, көліктің шашылған бөлшектерін көрсетті», – деп хабарлады Ақсу АПБ бастығының орынбасары Нұржан Кеңесханұлы.
Полиция өкілінің айтуынша, күдікті ұрлаған көлігін үйінің ауласына апарып, бөлшектеп тастаған. Оның кейбір бөлшектерін сатып жібергені анықталды. Көліктің ізін жасыру мақсатында оның шанағын майыстырып, темір қабылдаушыларға өткізуге дайындаған. Алайда ол ойы іске аспады.