Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады
Жыл басынан бері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 100,1 мың адамды құрады. Оның ішінде 73,3 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Сондай-ақ, төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
«Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады. МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған», - делінген хабарламада.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.
«Бұл жұмыссыздарды тіркеу және азаматтардың жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік берді. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады», - делінген баспасө хабарламасында.