Сарапшылар бұрынғы көшбасшының бостандыққа шығуы президенттік сайлауға әсер ететінін айтуда
Корея республикасының билігі 22 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы президент Пак Кын Хеге рақымшылық жасамақ. Ол сыбайлас жемқорлық бабы бойынша және қызметін асыра пайдаланғаны үшін жазасын өтеуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТАСС ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, 69 жастағы Пак Кын Хе жаңа жылдық мерекелерге байланысты рақымшылық жасалатын сотталғандардың тізіміне енген. Мұндай шешім оның денсаулық жағдайын ескере отырып, гуманитарлық себептер бойынша қабылданды. 2019 жылы Пак Кын Хенің иығына операция жасалды, ал биыл экс-президент иық пен омыртқаның созылмалы ауруына байланысты үш рет ауруханаға түскен екен.
Пак Кын Хе төңірегіндегі саяси жанжал 2016 жылдың қазан айында басталды. Тергеу бірнеше жылға созылып, нәтижесінде президенттің құрбысы Чхве Сун Сил бірқатар компанияларға қол астындағы қорларға ондаған миллион доллар аудартқызып, қысым көрсеткені анықталды. Сыбайлас жемқорлық фактілері және Чве Сун Силдің елдегі мемлекеттік қызметке заңсыз қатысуы анықталғаннан кейін, халық Президенттің тез арада отставкаға кетуін талап етті. Пак Кын Хе Парламент шешімімен қызметінен шеттетіліп, кейін қамауға алынды.
Оңтүстік Корея сарапшыларының пікірінше, елдің бұрынғы көшбасшысының мерзімінен бұрын босатылуы келесі жылдың наурыз айында өтетін президенттік сайлауға кері әсер етуі мүмкін.