«Аралда қалғандай болдық». Алматыда жаңадан ашылған жолайрық тұрғындарға қолайсыздық тудырды
Осыдан 20 жыл бұрын пайда болған шағын аудандарда ондаған мың адам өмір сүреді

Алматыда Емцов пен Рысқұлов даңғылдарының қиылысында салынған жаңа жолайрық «Ұлжан», «Дархан», «Байбесік» және «Ұлжан-2» шағын ауданының тұрғындарына қолайсыздық тудырды. Тәуелсіздік мерекесіне орай қалада екі бірдей айналма жол пайдалануға берілген еді. Олар Құлжа тасжолы мен Бұқтырма көшесін қиылыстыратын күре жол мен Алатау ауданындағы Рысқұлов және Емцов көшелерін жалғайтын жолайрық, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бүгін шағынаудан тұрғындары қаладағы үлкен даңғылдың бойына жиналып, жергілікті атқарушы билікке қиын жағдайға тап болғандарын жеткізді. Көлік жолын жобалаушылар үш жылдан бері салынып жатқан жолайрықтың бір бағытын ашқанымен, осы маңдағы Тілендиев көшесімен Рысқұловты қиып өтетін тұсты жауып тастаған. Яғни Рысқұлов даңғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысындағы бағдаршамды өшірген. Тиісінше бұл қиылыстан көліктің де, жаяу жүргіншілердің де өтуіне тыйым салынған. Осыдан 20 жыл бұрын пайда болған шағын аудандарда ондаған мың адам өмір сүреді. Енді тұрғындар үйреншікті жолдың жабылып, ары-бері қатынаудың қиындағанын айтып отыр.
«Қазір Емцов көшесіндегі жолайрықты салғанымен, біздің елдімекенге кіріп-шығатын жолды жауып тастады. Барлық көлік сол ашылған бағытты айналып келуі керек. Ондаған мың көлік сол жерге барып кептеліс қалыптастырып, бірнеше сағат уақыт жоғалтып жатыр. Қаланың орталығына бұрыннан бері қиналып жетеміз. Оқушылар, студенттер және жұмысқа баратын қаншама адам бар.
Енді өткен жексенбіде Тілендиев көшесін жауып, бағдаршамды өшіріп тастады. Әдетте кептелістен құтылу үшін жолды ашушы еді, мына жерді жауып тастады. Бұл біздің онсыз да қиын тұрмысымызды ауырлатып жіберді. Сол төрт күнде 3 адам көліктің астына түсіп қайтыс болды деген ақпарат бар. Себебі олар Рысқұлов даңғылынан жүгіріп өткен. Бағдаршамның өшетіні туралы ақпарат болған жоқ. Біздің күретамырымызды кескендей болды», - дейді Ұлжан елді мекенінің тұрғыны Асқарбек Сапарбаев.
Тұрғындардың айтуынша, жол жүру бағытындағы бұл өзгеріс дүйсенбі, 20 желтоқсанда пайда болған. Жергілікті халық үлкен даңғылдың жабылатыны туралы алдын ала ешқандай ескертудің және БАҚ арқылы да хабарландыру болмағанын айтады. Тілендиев көшесі мен Рысқұлов даңғылының қиылысында 22 желтоқсанда жол-көлік оқиғасы орын алған. Жұмыс істемей тұрған бағдаршамның тұсынан топталған бірнеше адам жүгіріп өтпек болған. Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытқа кетіп бара жатқан Hyundai автокөлігі үш адамды қағып кеткен. Олар ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Алайда олардың біреуі көз жұмған. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Негізі біздің тынысымыз осы жол болатын. Бұрын біз жарты шақырым онсыз да осы жерге дейін жаяу келіп такси немесе маршруттық автобуспен үйімізге жететінбіз. Енді бағдаршам емес мына бағыттағы көпірге дейін 500 метр, ол аспалы жолдан өтіп, қайтадан 500 метр кері қайтамыз. Біз сияқты егде адамдарға ол оңай емес. Немеремен жүреміз. Бағдаршамды қосып, біздің қалыптасқан жолымызды жасап берсін. Талабымыз осы. Әйтпесе жұрт жүгіріп өтуін тоқтатпайды, айдаладағы көпірден ешкім барып өтіп жатпайды. Бұл мына көлігі сапырылысып жатқан 8 жолақты даңғыл арқылы өтетін адам өміріне қауіпті. Жергілікті халықтың жағдайы мен үйреншікті бағытын ескермей атүсті қабылданған шешімге қарсымыз. Айдаладағы аралда қалғандай болдық»,- дейді тұрғындардың бірі Айжамал Сүлейменова.
Қалыптасқан жағдайға байланысты нарызылық болған жерге шенеуніктер де келді. Қалалық мобильдік басқармасының жобалау және дамыту бөлімінің басшысы Данияр Қадырханов тұрғындардың талабына жауап берді. Ол Емцов пен Рысқұов даңғылындағы жол жұмыстарының жартылай аяқталуына байланысты осындай шешім қабылданғанын жеткізді.
«Жаңа жолайрықтың іске қосылуына орай Тілендиев пен Рысқұлов қиылысындағы бағдаршам өшірілді. Рысқұлов бойымен үздіксіз жол қозғалысын қамтамасыз ету керек болды. Ал тұрғындардың шағымына қатысты айтарымыз – болашақта осы қиылыста жолүсті жүргіншілер көпірі салынады. Өткелге қатысты 2022 жылы жобалау жұмысы қолға алынады. Сонымен бірге бұл бағыттағы қоғамдық көліктердің де маршруттарына өзгерістер енді», - дейді қалалық әкімдік өкілі.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері тұрғындармен алдағы күндері тағы да жүздесіп, нақты шешімдер бойынша есеп бермек. Тиісті мемлекеттік органдар жиналып, бұл мәселені қарастыруға уәде берді. Жергілікті тұрғындар қалыптасқан қиындық жақын арада шешімін таппаса, бұдан да қатаң талаптар қоятынын айтты.
Айта кетейік, Алматыда жыл соңына дейін «Алтын Орда» базары маңындағы сақалды құрылысқа айналған жолайрық пайдалануға беріледі.