Өткен жылы Қазақстандағы республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда мыңнан астам адам қаза тапқан
2019 жылы республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда 2547 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 1019 адам мерт болып, 4311 адам әртүрлі жарақат алған. Мұндай ақпаратты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жариялады.
2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2019 жылы ЖКО саны 18,6%-ке артса, апаттан қаза болғандардың саны – 26,3%, жарақат алғандардың саны 22,1%-ке өскен. Мамандар жол апатының көбею себебін ереженің сақталмауынан дейді.
- Негізгі себептер - жылдамдықты асыру (33,6% ), қарсы қозғалыс жолағына шығуынан (14,1%), көлікті басқара алмай қалу (9,5%), тиісті ара қашықтықты сақтамау (8%), шаршап-шалдығу (3,6%), көлікті мас күйде жүргізу (3,1% ), көліктегі ақау (0,3%) және басқа да себептер (27,8%), - делінген ведомство хабарламасында.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардағы көлік апатын азайту мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған жол картасын әзірледі.