Сот монополистің әрекетін заңсыз деп тапса, компания тұтынушыларға «жылу шығындары» үшін төлеген қаражатты қайтарып беруге мәжбүр болады
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаменті жылу таратушы компанияны сотқа берді. Оған монополистің тұтынушыларды жылу тасымалына кеткен шығынды өтеуге міндеттеуі себеп. Орталықтандырылған жүйеге қосылған жер үйлердің иелеріне таратылған түбіртектерде «жылу шығыны» деген қосымша баған пайда болды. Оған сәйкес тұтынушылардың кейбірі монополистке 50 мың теңгеге дейін қарыз болып шықты. Мұндай төлем жасауға қарсылық танытқан көпшілік тиісті ограндарға шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«КОММУНАЛДЫҚ КОМПАНИЯҒА ТОНАЛДЫҚ...»
Петропавлдың жеке сектор тұрғындары жылыту маусымы басталғалы коммуналдық қызмет ақысын бірнеше есе көп төлеуге мәжбүр. Ай сайын тұтынушыларға таратылатын түбіртектерде «жылу шығындары» деген қосымша баған пайда болды. Орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған жер үй иелеріне келген құжатқа сәйкес кейбірі «жылу шығындары» үшін 50 мың теңгеге дейін қарыз болып қалды.
Александра Перепелкина «1-ші школьный» көшесінің бойындағы үйде тұрады. 12 жылдан бері жылу мен электр энергиясына қатысты ешқашдай проблема болмаған. Биыл жылыту маусымы басталғаннан кейін алғашқы түбіртек қолына тигенде қосымша «жылу шығындары» деген төлем түрін көрген. Оған сәйкес үшін Александра Перепелкина 2 мың теңгеден астам ақша төлеген. Енді ай сайын өзі түсінбейтін қызмет үшін ақы төлеуге мәжбүр болып отырғандығын айтады. Егер оны өтемесе, монополист компания жарықты өшіріп кетуі мүмкін.
«Петропавлда жылу қыркүйек соңында берілді. Қазан айында түбіртек әкелгенде шамамен бір аптаға жуық уақыт үшін 2400 теңге төледім. Аса мән берген жоқпын. Арнайы қосымшамен қарасам, коммуналдық қызметтер үшін жалпы 17 600 тг қарыз болып тұрмыз. Үйім 50 шаршы метр ғана. Біз мұндай соманы ешқашан төлеп көрген жоқпыз. Қыстың қақаған аязында ең көп дегенде 10-11 мың теңге шығатын. «Севказэнерго» серіктестігіне хабарласып, мән-жайды сұрадым. Жылу құбырларын қаптау керек екенін айтты. Бірақ біздің трасса онсыз да қалың жылу сақтайтын материалдармен оралған. Жартысы жер астында жатыр. Енді көршілерімізбен бірге не істерімізді білмей отырмыз. Бұл көзді ашып қойып тонау ғой», - дейді Александра Перепелкина.
Нелли Белоброва да дәл осындай жағдайға тап болған. Бір ай берілген жылу үшін 31 мың теңге төлеу қажет. Көпбалалы отбасы енді мұндай қарызды қалай өтейтіндерін білмей отыр.
«Қыркүйекте екі мың теңге артық төледік. Не үшін шығынданып жатқанымызды түсінбедік. Қазан айында 31 мың теңге қарыз болып қалдық. Қарашада да солай. Кімнің көмегіне жүгінетінімізді білмейміз», - дейді қала тұрғыны Нелли Белоборова.
Петропавлдың жеке тұрғын үй секторының 1727 абоненті орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Соның 700-і өткен қазан айында «жылу шығындары» деп көрсетілген түбіртек алған. Тұрғындардың ашуын тудырған мәселеге «Петропавл жылу желілері» серіктестігі жауап берді.
«Петропавл жылу желілері» ЖШС 2020-2021 жылдары кәсіпорын қызметкерлері теңгерімдік тиесілілік шекараларын бөлу актілерінің бар-жоғына тұтынушылардың техникалық қосымшаларына 100% түгендеу жүргізді. Сондай-ақ, құбырлардың оқшаулау қалыңдығын зерттеп, меншікті жылу шығындарын есептелуін тексерді. Нәтижесінде бірқатар себепке сәйкес есептеу үшін бірыңғай жүйеге деректері енгізілмеген жүздеген тұтынушы анықталды. Соның салдарынан жылыту маусымы басталғанда тұрғындарға осындай түбіртектер келді. Жылу шығындарының негізгі себептері оқшаулаудың болмауы, желінің диаметрі және оның ұзындығы. Оны есептеу оңай емес», - дейді «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директоры Андрей Калиничев.
«Мұндай сомаларды кім, қалай есептеп жатқаны белгісіз. Әдетте жылу желілеріне тұтынушылар кәсіпорынның өкілінің қатысуымен қосылады. Алайда, мына жағдайда тұтынушылар бұл процедураға қатыспаған көрінеді. Содан оларға осындай төлемдер келген. Өкінішке қарай монополист компания өз әрекеттерін дұрыс түсіндіре алмай отыр. Тұтынушылардың құқығын тиісті органдар қорғауы шарт», - дейді заңгер Павел Афанесьев.
МОНОПОЛИСТ СОТТА ЖАУАП БЕРЕДІ
Тұрғындардың көптеген шағымдарынан кейін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО бойынша департаменті жылу таратушы компанияны сотқа берді. Құзырлы орган жылу таратушы компанияның әрекеті заңсыз екенін алға тартып отыр.
«Біз «СевКазэнергосбыт» және «Петропавл жылу желілері» серіктестерінің басшыларымен кеңес өткіздік. Монополистерге тұтынушыларға негізсіз есептелген қаражатты қайтаруды ұсындық. Жылумен жабдықтау ұйымының өкілдері есептегіш құралы жоқ тұтынушыларға жылу шығындары үшін ақы төлеудің тоқтатылғанын айтты. Бірақ бұл мәселе сөз жүзінде қалды. Мәселеге нүкте қою үшін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті монополистерді сотқа берді. Өйткені олардың әрекеті заңсыз. Жылу тасымалына кеткен шығындарды өздері көтеруі тиіс», - дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің СҚО департаменті басшысының орынбасары Айқын Жиенқұлов.
Сот монополистің әрекетін заңсыз деп тапса, компания тұтынушыларға «жылу шығындары» үшін төлеген қаражатты қайтарып беруге мәжбүр болады.