Түркістан облысында жоғалған баланың денесі табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оқушының денесі үйінің ауласындағы септиктен табылған

Ордабасы ауданының полиция бөлімшесіне Шұбарсу ауылының тұрғыны хабарласып, кәмелетке толмаған баласының жоғалып кеткенін мәлімдеген. Іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары тұрғынның өз үйінің ауласындағы септиктен оқушының денесін тапты. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қайтыс болған оқушының анасы ұлының 18 жетоқсан күні хабар-ошарсыз кетіп, үйіне қайтып оралмағанын айтқан. Жоғалған жасөспірімді аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы іздестірген.

«Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәлардан жауап алды. Іздестіру шаралары барысында Ордабасы АПБ-нің полицейлері тұрғынның өз үйінің ауласындағы септиктен 14 жасар баланың денесін тапты. Алдын ала болжам бойынша, кәмелетке толмаған жасөспірім септикке құлап, қайтыс болған. Сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», - делінген хабарламада.