Қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстар өткен ғасырдың 30-70 жылдары салынған
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жазаларды орындау саласын реформалауға қатысты баспасөз конференциясы өтті. Шараға ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов және Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы ҚАЖ жаңа мекемелерінің құрылысы туралы айтып берді.
«Бастапқы кезеңде 2022-2024 жылдар аралығында Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 4 құрылыс салу жоспарланған. 2024-2029 жылдар аралығында Білім министрлігі мектеп құрылысына ұқсас жан басына қаржыландыру әдісімен тағы 16 мекеме салуды жоспарлап отыр»,-деді комитет төрағасы.
Жанат Ешмағамбетовтың айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шеңберінде жаңа колониялар салу неғұрлым ұтымды болып табылады. «Құрылыстың бұл түрі инвестордың қаражаты есебінен бюджетке жүктемені азайтады, ол өз кезегінде салынған ақшаны келісілген мерзімде қайтарады» деді маман.
Ведомствода қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстар өткен ғасырдың 30-70 жылдары салынғанын, олардың басым бөлігі ескірген және авариялық жағдайда екенін, сондай-ақ қылмыстық заңнаманың қатаңдатылуына байланысты 2020 жылдан бастап түрмедегі адамдардың көбеюі байқалатынын атап өтті.