Атырау облысында полицейлер жолда адасып қалған қойшыны тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Ер адам қожалықтан 15 шақырым қашықтықтан табылды

Атырау облысында мал айдауға кетіп, жолда адасып қалған қойшыны полицейлер іздеп тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Атырау облысы Жылыой аудандық полиция бөлімінің «102» нөміріне 19 желтоқсан күні сағат 13:30 шамасында  жергілікті қойшының жоғалып кеткені туралы қоңырау түскен. Малды айдап келуге кеткен ер адам үйіне​ сол күйі қайта оралмаған екен. Анықталғандай, 47 жастағы қойшы Ақкиізтоғай ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан қожалықтан мал айдап​ келе жатып, ауа райының күрт өзгеруіне байланысты белгісіз бағытқа кетіп, жолынан адасып қалған.

«Хабарлама түскен сәттен бастап, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Талғат Өтемұратов пен кинолог Нұрсұлтан Нұрланов, «Ральф» атты қызметтік-іздестіру иті және ТЖҚ қызметкерлерімен шұғыл түрде іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде ер адам қожалықтан 15 шақырым қашықтықтан табылды», - делінген хабарламада.