Өрт сөндіру автомашиналары жұмысқа қажет барлық заттармен жабдықталған, заманауи техникалық талаптарға сәйкес келеді
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордалық ТЖД автопаркі жаңа заманауи өрт сөндіру техникаларымен толықты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Өрт сөндірушілердің кәсібилігі мен ерлігіне өртке қарсы техникалық жабдықталу деңгейі де сай болуы тиіс. ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында елордалық ТЖД автопаркі жаңа заманауи өрт сөндіру техникасымен толықтырылды. 50 арнайы машина сатып алдық, олардың басым бөлігі қолданысқа берілді. Өрт сөндіру автомашиналары жұмысқа қажет барлық заттармен жабдықталған, заманауи техникалық талаптарға сәйкес келеді.
Жедел әрекет ететін автомобильдердің арасында 90 метр биікте өрт сөндіруге мүмкіндік беретін арнайы көтергіш техника бар. Арнайы техниканың бұл түрі елімізде алғаш рет қолданысқа берілмек. Былтыр 10 арнайы машина қолданысқа берілсе, биыл тағы 50-і алынды. Байқоңыр ауданында өрт сөндіру депосын аштық. Тағы 3 өрт сөндіру депосын саламыз, олардың екеуі елді мекендерде ашылады. Бұл материалдық-техникалық базаны жақсартуға және құтқарушыларға жұмыс істеу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қазақстандық тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың санаты кеңейтілді, оған ТЖД қызметкерлері де кірді. Сонымен қатар, «Елорда Жастары» арнайы тұрғын үй бағдарламасы бойынша тұрғын үй бөлеміз.
Жыл басынан бері біздің құтқарушылар 400-ге жуық адамды құтқарды! Үздік қызметкерлерге «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдары берілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне қажырлы еңбегі мен жұмысына адалдығы үшін алғыс айтамын!» - деп жазды елорда әкімі.