БҚО-да қорықшы өліміне қатысы бар деген күдікті ұсталды
Cот алдындағы тергеу аясында тексерулер жүріп жатыр
Батыс Қазақстан облысында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Мәженовтың өліміне қатысы бар деген күдікті ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департаменттің мәліметінше, екінші тұлға куәгер ретінде алынды.
"Күдікті біреу. Тергеу әрқайсының рөлін анықтайтын болады. Cот алдындағы тергеу аясында тексерулер жүріп жатыр", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әзірге полиция оқ ату аңшылық кезінде болған деген нұсқаны ұстанып отыр.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
«2021 жылы 14 желтоқсан күні Теректі ауданы, Бударин қорығындағы қайғылы оқиға қызметкердің қызметтік міндетін атқару кезінде болған деген ақпарат тарап кетті. Бұл дерек шындыққа жанаспайды», - деп көрсетілген БҚО ПД-нің хабарламасында.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Мәженовтің қайтыс болғаны туралы жазған болатынбыз.