"Фотошоппен ілінген Ту": Талғар ауданы әкімдігі Ту ілу акциясына қатысты пікір білдірді
Суретті әкімдік өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеген

Алматы облысының Талғар ауданындағы Панфилов ауылдық округінің әкімдігі көпқабатты тұрғын үй балконына Ту ілу акциясын фотошоптың көмегімен өткізген. Әкімдіктің әлеуметтік желіде жүктеген суреті бірден қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy .
Алайда әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасына жүктелген сурет көз ұзамай өшірілді.
«Терезедегі Ту – менің Туым» акциясына ауылымыздың тұрғындары да атсалысты. Алғысымызды білдіреміз», - деп жазылған әлеуметтік желідегі сурет астына.
Фотошоппен әрленген әдемі сурет өшірілгенімен, желі қолданушылары өзге фотолардың астына Туды іздеген пікірлерін қалдырып, әлгі суретті қайта жүктеуді сұраған жазбаларын жарыса жазған.
Ал Талғар аудандық әкімдігі бұл жайды былайша түсіндірді.
"Бұл акцияға барлық мемлекеттік құрылыммен қатар Панфилов ауылдық округінің әкімдігі де қатысты. Ауылдық әкімдік бөлімінің маманы осы үйде тұратын отбасылардан олардың балкондарына жалаулар ілу үшін алдын ала рұқсат алды. Тұрғындар қуана келісті. Бірақ өкінішке қарай, келісілген уақытта үйде бір ғана отбасы болды. Қалғандары отбасылық демалыс үшін Алматыға немесе басқа қалаларға кеткені кейін анықталды. Нәтижесінде маман тек бір туды іліп қойды. Бірақ жарияламас бұрын, пәтер иелерінің рұқсаты болғандықтан, қалған жалауларды салуға шешім жасаған. Бірақ кейін бұл суретті сол күні жойды", - деді Талғар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.