Ол қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды
Мемлекетаралық іздеу жарияланған қаржы мониторингі агенттігінің бұрынғы қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ресми хабарламада: «Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қаржы мониторингі агенттігінің елордалық департаменті іздестіріп жүрген аумақтық департаменттің тергеу басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Д.Қайырбеков ұсталды", - делінген.
Күдіктіге қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде.
Қазіргі уақытта ер адам елордадағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кетейік, Қаржы мониторингі агенттігі үстіміздегі жылдың қазан айында Ақмола облысының тумасы 1984 жылғы Дастанбек Қайырбековке мемлекетаралық іздеу жариялаған болатын. Ведомство тіпті оның мекенжайы туралы ақпаратқа ақшалай сыйақы да тағайындаған.
Агенттік мәліметінше, Қайырбековтің үстінен Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-тармағы 3-тармақшасы (билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану) бойынша іс қозғалды.