АҚШ-тың Кентукки штатында төтенше жағдай жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Табиғи апаттан ең қатты зардап шеккен осы Кентукки штаты

Фото ашық дереккөзден

АҚШ-тың орталық штаттарындағы торнадо салдарынан қайтыс болғандар саны артып келеді. Табиғат апатынан Арканзас, Иллинойс, Теннеси штаттары жапа шеккен. Бірақ ең ауыр жағдай Кентукки штатында.

Кентукки штатындағы ахуал қиын болғандықтан АҚШ президенті Джо Байден төтенше жағдай режимін енгізді. Мұнда біраз ғимарат қирап қалған. Мәселен, күшті жел өңірдегі полиция бөлімшесі мен өрт сөндіру стансасының түгін қалдырмады.

Мэйнфилд қаласында майшам жасап шығаратын фабриканың шатыры опырылып құлаған. Дәл осы кезде ғимарат ішінде 100-ден аса адам болыпты.

Ал Арканзас штатында құйыннан қарттар үйі опырылып құлап, 2 адам көз жұмды. Тағы 20-сы жарақат алған.

Иллинойс штатында «Амазон» компаниясының қоймасы қираған. Оқыс оқиға кезінде оның ішінде 100 жұмысшы болған екен. Солардың алтауы көз жұмды. Ондаған адам жарақат алып, ауруханаға түскен.