Осы жылдың соңына дейін 250 орындық тағы 5 жекеменшік балабақшаны ашу жоспарланып отыр
Алматыда 3-6 жасқа дейінгі балалардың 90,6%-ы балабақшамен қамтылған. Бірақ қалада әлі 41 мыңнан астам бала мектепке дейінгі ұйымдардың кезегінде тұр. Проблеманы кезең-кезеңімен шешу үшін биыл 4 658 орындық 72 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Оның ішінде 67-де 4 378 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Осы жылдың соңына дейін 250 орындық тағы 5 жекеменшік балабақшаны ашу жоспарланған.
«Биыл жекеменшік балабақшаларда орналастырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы да ұлғайтылды. Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс 30 460 орынды 519 жекеменшік балабақшаға орналастырылған. Қалада 360 орынды үш мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталды. Бұл ретте екеуі Наурызбай ауданындағы Ақжар мен Таусамалы шағын аудандарында және біреуі Бостандық ауданында салынуда. Түрксіб ауданында 280 орынды балабақшаның құрылысы жүріп жатыр», - деді ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар, Әуезов ауданындағы Ақсай-4 шағын ауданда 315 орынды балабақша ашу жоспарланған. Желтоқсан айында балаларды қабылдау жоспарланған. Ал мекеп мәселесін шешу үшін 16 мың орынды оқу орындарын пайдалануға беру жоспарланған. Орта білім беру саласында қазіргі кезде Алматыда 291 мектеп жұмыс істейді, оның 207-сі – мемлекеттік. Бұларда барлығы 303 110 оқушы оқиды. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 12 мыңнан астам оқушыға артық. Қазіргі уақытта 33 812 оқушыға орын тапшылығы бар.
«Осы мәселені шешу үшін «қадамдық қолжетімділік» қағидатын ескере отырып, 12 600 орынға арналған 8 мемлекеттік мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 5 100 орынға арналған 3 мектеп осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. 8 263 орынды мектептерде 17 жаңа корпустың құрылысы жүріп жатыр. Бұл ретте 4 600 орынды 11 корпус бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, қалған 3 663 орын осы жылдың соңына дейін аяқталады. Жеке инвестициялар есебінен жаңа оқу жылының басында 2 656 орынды 13 жекеменшік мектеп ашылды», - деді қала әкімі.
Жоспарланған жұмыстар жүзеге асқан кезде 16 019 оқушыға арналған орындар ашылмақ. Бұл білім беру саласындағы тапшылықты 47%-ға азайтады.