«Бұл көпжылдық проблеманы шешеді»: Алматыдағы ЖЭО-2 газға көшіру көктемде басталады
Ауаға зиянды қалды 15 есе азаяды
Алматыдағы Жылу электр орталығы-2 толықтай газға көшкенде атмосфераға тарайтын лас қалдық 15 есеге азаяды. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың наурыз-сәуір айларында басталады. Станцияның бірінші блогын газ отынымен қосу 2023 жылдың соңына жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жаңа станцияның жобасы орнатылған 600 МВт-қа дейін электр және 957 Гкал/сағ жылу қуатын қарастырады. Электр станциясы экологиялық таза отын-табиғи газбен жұмыс істейді. Ол жылу мен электр энергиясын бірлесіп өндіру – когенерация қағидатын пайдалана отырып, заманауи бу-газ технологиялары бойынша салынады. Станцияның 200 МВт үш блогы пайдалануға берілгенде жаңа жабдық кезең-кезеңімен қолданыстағыларды алмастырады. Құрылыс жұмыстары басталғанда электр энергиясы мен жылу өндіру процесі тоқтамайды. Модернизациядан соң қала атмосферасына ЖЭО-2 тарайтын лас қалдықтың көлемі 15 еседен астам қысқарады.
«Ең басты міндеттің бірі ЖЭО-2-ні газға көшіру жөніндегі көпжылдық проблеманы шешу болды. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін келесі жылдан бастап Жылу электр орталығы-2-ні газға көшіру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Мемлекет басшысының жақында Алматыға жасаған жұмыс сапары кезінде капсула салынды. Президент айтып өткендей жаңа қондырғының салынуы Алматының бүкіл энергия кешенін кең ауқымда жаңартуды бастауға мүмкіндік береді. ЖЭО-2-ні жаңғырту зиянды заттардың көлемін жылына 50,4 мың тоннадан 6,7 мың тоннаға дейін азайтады», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Мегаполистің экологиясын жақсартудың тағы бір жолы – электр қуаты және газбен жүретін автобустарды сатып алу. Автобустармен қоса электротакси қызметінің саны да артып келеді. Сонымен қатар, қала тұрғындарын мегаполистің түрлі бөліктерінде ауа сапасы туралы ақпараттандыру жобасы іске қосылды. Ақпарат қаланың 49 LED-экранындағы 41 датчиктен келіп түседі. Биыл ауа мониторингі бойынша 60 датчик орнату, «Сергек» жүйелері мен шығарындыларды тіркеу және қала бойынша қозғалысты бақылау бойынша ПД-нің базасын интеграциялау жоспарланған. Жасыл қорды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, қалада 2,6 млн ағаш өсіп тұрса, олардың 23% - ескі.
«Жасыл Алматы» бағдарламасы аясында 530 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Биыл 190 мың ағаш отырғызылады, бүгінде оның 115 мыңға жуығы отырғызылды. Қалаға кіре берісте 15 экопост қойылған. Тағы төртеуі жылдың соңына дейін орнатылады. Барлық бекеттер өлшеуге арналған жабдықтармен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Осы жылдың 20 наурызынан бастап 140 405 өлшем орындалды, оның ішінде 21 913-те – зиянды заттардың артуы. Келесі жылдан бастап 3 жылжымалы экологиялық бекет пен 1 зертхана іске қосылады. Қазіргі уақытта экологиялық нормаларға сәйкес келмейтін көлік құралдарын анықтау бойынша рейд жүргізіліп келеді. 2 550 көлік тексеріліп, пайдаланылған газдардағы зиянды заттарды асырған 519 автокөлік анықталды. Тексерілген автокөліктің жалпы санының 23%-ы экологиялық нормаларға сәйкес келмейді», - деді қаланың әкімі.
«Жасыл қалалар» бағдарламасы аясында Экология және қала дамуы мәселелерін шешу үшін «Жасыл қала» жоспары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, қоршаған ортаны жақсартудың тұрақты тетіктерін құру үшін «Big Apple» жобасы, агломерацияның ТҚҚ басқару бағдарламасы, Алматының жасыл белдеуін дамытудың 10 жылдық жоспары, агломерация атмосферасының динамикалық моделін құру және оның жұмыс істеуін қолдау үшін МЖӘ, жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағдарламасы, электр көлігі үшін зарядтау инфрақұрылымын құру жасалмақ.