Петропавлда карантин талаптарын бұзғандарға 1,5 млн теңге айыппұл салынды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық жағдай ушыққан мезгілде де санитарлық талаптарды бұзушылар азаймаған

Фото ашық дереккөзден

Петропавлда карантин талаптарын бұзған мейрамхана, дәмхана сынды тағы басқа нысан иелеріне соңғы бір айда 1,5 млн теңге айыппұл салынды. Қарашада 250 рет рейдке шыққан мониторингтік топтар 1300 нысанды тексеріп, 29 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жыл басынан Петропавлда карантин талаптарын бұзудың 400-ге жуық фактісі тіркелді. Мониторинг топтары көңіл көтеру орындарын тексеруді жалғастыруда.

«Басты мақсат – профилактика мен түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Олар көңіл көтеру мекемелерін аралау барысында қызметкерлердің бетперделер мен қолғаптардың болуын қадағалап, назарда ұстайды, сонымен қатар мекемелердің жұмыс режимін тексереді. Соңғы үш күн ішінде Петропавлда 22:00-ден кейін жұмыс істеген үш ойын-сауық орны анықталды, яғни бұл объектілер үшін облыстың мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің Қаулысын орындамау болып табылады», - дейді Петропавл қаласы ПБ жергілікті полиция қызметін бөлімі бастығының орынбасары Айдын Ақмағамбетов.

Өңір екі айдан артық уақыт бой «қызыл аймақта» болып, бірер күн бұрын ғана «сарыға» ауысты. Мамандардың айтуынша, эпидемиологиялық жағдай ушыққан мезгілде де санитарлық талаптарды бұзушылар азаймаған.

«Қаладағы ойын-сауық нысандарының бірінің қонағы полиция қызметкерлерін шақыртқан. Барған тәртіп сақшылары онда көңіл көтеріп жүрген 10-ға тарта адамды анықтады. Белгілі болғандай, кафе түнгі уақытта жұмысын тоқтатпаған. Бұл факті бойынша Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу фактісі бойынша материалы жинақталды. Айыптылар жазаға тартылады», - дейді Айдын Ақмағамбетов.