Несиені төлеу мерзімі өтіп кетті: не істеу қажет?
Қарызы бойынша мерзімі өткен берешегін реттеу тәртібі қалай жүргізіледі?
Қарыздар мен микрокредиттерді өтеумен байланысты қиындықтарға тап болған қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін осы жылдың 1 қазанынан бастап банктер мен МҚҰ үшін азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеудің міндетті тетігі заңнамалық түрде енгізілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Проблемалық берешекті реттеу рәсімін бастау үшін қарыз алушы кредиторға, яғни банкке немесе микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) тиісті өтінішпен жүгінуі тиіс. Өтініште растайтын құжаттар қоса беріле отырып, ТАӘ, ЖСН, байланыс деректері, қарыз туралы мәліметтер, мерзімін өткізіп алудың туындау себептері көрсетілуі тиіс.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қарыз алушылар өтініштерді жазбаша да, қашықтан да, яғни ресми интернет-ресурстар және кредитордың электрондық поштасы арқылы банктер мен МҚҰ-ның бөлімшелеріне бармай-ақ бере алады», – делінген ведомство хабарламасында.
Қосымшада электрондық түрде өтініш беруге қажетті банктер мен МҚҰ-ның мекенжайлары мен байланыс деректері көрсетілген.
«Өтініш пен растайтын құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде банктер мен МҚҰ борышкердің қаржылық және әлеуметтік жағдайын жеке тәртіппен талдайды. Көрсетілген мерзімде қарыз алушыға банктің немесе МҚҰ-ның қарызды қайта құрылымдау талаптарымен келісетіні туралы хабарлануға тиіс.
Кредитор қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша келіскен кезде банктер мен МҚҰ келесі күнтізбелік 15 күн ішінде қарызды немесе микрокредитті өтеудің жаңа кестесін қабылдай отырып, қарыз немесе микрокредит шартының талаптарына қажетті өзгерістер енгізуге міндетті», – деп хабарлайды агенттік.
Банктік қарыз немесе микрокредит шартының талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, қарыз алушы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуі керек.
«Қарыз алушының өтініші негізінде Агенттік қаржы ұйымына қатысты құжаттамалық тексеруге бастама жасайды, оның шеңберінде кредитордың проблемалық берешекті және қарыз алушылардың құқықтарын реттеу процесіне қойылатын заңнамалық талаптарды сақтауына талдау жүргізетін болады», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.