Жыл басынан бері 400-ден астам адам суға батып кетті

Автор: Әсел Оршыбекова

Министрліктің қарамағында 3 399 өрт сөндіру техникасы бар

2021 жылдың 9 айында құтқарушылар авариялық-құтқару жұмыстарына 65 203 рет шақыртылған. Авиация күштерімен 2 249 ұшу жүргізіліп, 9 512 адам құтқарылды және 10 728 адам эвакуацияланды, 3 278 зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар қызметінің кезекші пультіне 6,6 миллионнан астам хабарлама келіп түсті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Мәжіліс қабырғасындағы Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство басшысы бүгінде министрліктің қарамағындағы техникалардың саны мен сапасына қатысты деректермен де бөлісті.

«Министрліктің қарамағында 3 399 өрт сөндіру техникасы бар. Бүгінде халыққа 416 өрт сөндіру депосы қызмет көрсетеді. Жергілікті атқарушы органдардың көмегімен қосымша 473 өрт сөндіру бекеті құрылды. Одан бөлек 127 өрт сөндіру депосы мен 210 өрт сөндіру бекетін салу қажеттілігі бар», - деп нақтылады ол.

Бұдан бөлек құтқарушылар қар құрсауынан 4,5 мыңнан астам адамды, оның ішінде 414 баланы құтқарғаны айтылды. Бір жарым мыңнан астам техника қар құсауынан шығарылды.

Сонымен қатар елімізде адамдардың суға батып кету жағдайы өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға азайған екен.

«Биыл еліміздің су айдындарында 337 адам, оның ішінде 64 бала құтқарылды. Ең қауіпті учаскелерде 59 маусымдық мобильдік құтқару бекеттері қойылды. 405 адам, оның ішінде 134 бала суға батып қайтыс болды», - деді Юрий Ильин.