Ол үшін қаладағы көліктердің экологияға зияндылығын тексеру жүріп жатыр
Алматыда экологиялық талапқа сай келмейтін көліктердің жүруіне тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Ол үшін қаладағы көліктердің экологияға зияндылығын тексеру жүріп жатыр. Шаһарға кірер жолдарда бекет саны көбейіп, бақылауды күшейту үшін арнайы патруль жасақталды.
Статистика бойынша Алматыда жыл басынан бері нормаға сай келмейтін көлік иелеріне 24 миллион теңгеден аса айыппұл салыныпты. Алматыда 15 экологиялық бекетте жыл басынан бері 139 мыңнан аса көлік тексерілген. Нәтижесінде 21 мыңы экологиялық талапқа сай болмай шыққан. Жеке тұлғаларға бірінші рет 10, заңды тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Экологиялық бекеттердің қатарын қазан айынан бастап арнайы патруль толықтырған.
Айта кетейік, ауадағы зиянды заттардың мөлшері нормадан бірнеше есе жоғары дейді экологтар. Мысалы, ауадағы азот диоксидінің тәуліктік мөлшері 0,04 процент деңгейінде болуы керек. Алайда бұл көрсеткіш 25 есеге асып кеткен. Мамандардың мәліметінше, қоршаған ортаға ең көп зиян келтіретін де осы ескі автомобильдер.
Егер көліктерден атмосфераға бөлінетін зиянды қалдық үш жыл қатарынан 70 мың тоннадан азаймайтын болса, шектеу шаралары қолға алынбақ. Яғни 2023 жылдан бастап экологиялық талапқа сай келмейтін көліктерге қалаға кіруге тыйым салынуы мүмкін.