Алматы облысында 700 млн теңгеге тартылған газ құбыры бос тұр

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Ауылдардың газбен нақты қашан қамтылатынын әкімдік те, тендерді ұтқан компаниялар да білмейді

Көрнекі фотосурет

Алматы облысында газ құбыры жүргізілген үш ауылдың халқына биыл да көгілдір отын берілмейтін болды. Құбырдың тартылғанына қуанған халық болса көмірге деп сақтаған қаражатын компанияға төлеп тастаған. Ал, компания басшылары болса ақшаны жұрттан жазда жинап алса да, құбырдың 52 шақырымы әліге дейін балансқа берілмеген деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жалғамыс ауылын газдандыру жұмысы 2019 жылы басталған. Жобалық сметалық құжаттың сыртында құбырды тартуға қажетті қаржы жеке инвестордың есебінен жүргізілген. Ауылға 52 км асатын газы құбыры былтыр тартылған. Бірақ қыруар қаржы жұмсалған жоба сол қалпы іске аспай қалған.

«Ауылдың іші быт-шыт. Жердің астымен жүргіземіз деп көше көшенің бәрін қазып, оны дұрыс көмбей, шұңғырларға мал, адам, машина түсіп неше түрлі оқиғалар болды. Қиналып жүргенімізге екі жылға кетті. Мен үйіме кіріп-шыға алмай қалдым. Сосын трактор жалдап, есігімнің алдындағы көшенің шұңқырын өзім көмдім. Былтыр тартылған құбыр әлі қаңырап бос тұр. Үйлеріңе үш аптаның ішінде газ кіргізіп береміз деген соң жарты ақшасын тамызда төлеп тастағам, содан міне жаңа жыл жақындады, әлі жоқ. Қолымызға келісімшартты да бермеді, бастық мөр басқан соң аласыңдар деді. Мен сияқты ақшасын төлеп, келмеген газды күтіп жүрген адам көп. Бәлен рет жиналыс болды, нәтиже жоқ», - деді Жалғамыс ауылының тұрғыны Дидар Қарабаев.

692,8 миллион теңге шығарған инвестор жұмыстарды көктемде аяқтағанмен, қабылдап алушы мекеменің балансына әлі күнге өткізе алмай келеді. 2020 жылы «Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ тапсырысымен «DAUR Capital» ЖШС жұмыстарды жүргізген. Алайда, шағын ауылдағы шаруаны шешу уақытылы бітпей, осымен төртінші жылға жалғаспақ. Инвестор кеткен кемшіліктерді түзетуден бөлек, балансқа өткізу де уақытты алып жатыр дейді.

«Халық секілді жобаны балансқа жылдам өткізіп беруге біз де асықпыз. Жұмысты жобалау кезінде тапсырыс берушіден де, оны іске асырған менен де қателіктер кеткен. Өйткені жоба 2019 жылы жасалғанмен, ауылға үйлер, көшелер кейін түскен, өзге де инфрақұрылымдар жүргізілгендіктен сәйкес келмеген, өзгерткен жұмыстар аз болмады. Қателік, кемшіліктерді реттедік. Құбыр «ҚазТрансГаз» АҚ балансына өтеді, олар оны қашан қабылдап алатынын білмеймін, жұмыстың бәрін тексереді. Бірақ қыс кезінде ауылдың құбыры магистральға қосылмайды, қыста ауылды газға қосқанын көргем емеспін. Сондықтан іс келесі жылға қалады. Ұлттық компанияның құжаттарды қабылдап алуы уақыт алады», - деді «DAUR Capital» ЖШС өкілі.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы негізінде жүргізілген құрылыс-монтаж жұмыстары мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісімен толыққанды қашан қабылданатыны белгісіз. Талғар ауданына қарасты Қайнар ауылдық округіндегі бес елдімекенді газбен қамтамасыз ету үшін 1,5 миллиард теңгеге жуық ақша жұмсалған. Бірақ 10 мыңнан астам тұрғын енді бар дүниені қолдана алмай отыр. Ақтас, Ақдала ауылдарына да құбыр тартылғанмен, оның иглігін халық қашан көретіні белгісіз. Алматы облысының әкімдігі де газдың берілу мерзімін нақты айта алмай отыр.  

«Газдың қашан берілетінін бізден емес, «ҚазТрансГаздан» сұрау керек. Біз тапсырыс беруші, олар қабылдап алады.

Жобаның құжаттары жасалау керек. Ақтас, Ақдала ауылдарына да газ құбыры тартылып қойған. Құжаттандыру мәселесі шешілу керек. Жиналыс ашып, екі рет бардық Жалғамысқа. Ауылға газдың нақты қашан берілетінін айта алмаймын. Құжаттарды өткізіп береміз. Соны қарап жатыр. Ештеңе айта алмаймын. Орындаушылық техникалық құжаттар тексеріледі. Қолданылған материалдардың сертификатын, біліктілігін тексеріп жатыр. Ауқымды жұмыс. Адамдар үйінде отырып айта береді. Үкіметтің қаржысы қаржыландыруға жетпейді. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік жобамен іске асады. Инвестордың қаржысын мемлекет үш жылдың ішінде қайтарып береді», - деді Алматы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ басшысының орынбасары Бағлан Абылханұлы.

Төңкеріс ауылын газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттамаға да облыстық бюджеттен 30 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Құрылысты бастау үшін тағы 200 млн теңге керек. Бір-бірімен жанаса жатқан ауылдардың газбен нақты қашан қамтамасыз етілетіні әкімдік те, тендерді ұтқан компаниялар да білмейді.