Астанада екі елді мекеннің қалған бөлігі газға қосылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір Нұр-Сұлтанда газға Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Промышленный, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс елді мекендері газға қосылды

Фото ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласында Агроқалашықтың қалған бөлігін және Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің оң жағын газға қосты. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Нұр-Сұлтанда Қазақауыл, Ақбидай шағын аудандарында, сондай-ақ қаланың Потанин көшесінің ескі бөлігінде көгілдір отынды іске қосу жұмыстары жүріп жатыр.

«Қазір Нұр-Сұлтанда газға Көктал-1, Көктал-2, Теміржолшылар, Промышленный, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс елді мекендері, сондай-ақ, ЖЭО-1 мен ЖЭО-2 екі жылу электр орталығы қосылды. 650 км кварталішілік газбен жабдықтау желілері салынды.

Осылайша, қазір елорданың 11 мың үйі газға қосылуға қол жеткізе алады. Газбен жабдықтаудың ішкі желілерін дайындаған тұтынушылар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға өтініммен жүгінуі қажет.

Жыл соңына дейін Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендері газбен қамтамасыз етіледі», - делінген әкімдік хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы, ол қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Қаланы газдандыру мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында.