Авиация комитеті ұшақ апатына қатысты ресми мәлімдемені күтуге шақырды
Азаматтық авиация комитеті 27 желтоқсан күні Алматы маңында болған ұшақ апатына қатысты БАҚ өкілдерінің әртүрлі сауалдарына жауап бере алмайтынын хабарлады. Комитеттің хабарлауынша, бұл сұрақтарға тек арнайы құрылған ресми комиссия ғана жауап береді.
«2019 жылдың 27 желтоқсанындағы Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшақ апатына байланысты Азаматтық авиация комитетінің атына БАҚ өкілдерінің атынан түрлі сұрақтар келіп түсіп жатыр. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде бұл тақырып қызу талқыланып, ұшақ апатына қатысты әртүрлі нұсқалар мен себептер айтылып, апатқа кінәлі тұлғаны іздестіріп жатыр. Тіпті, пікір білдірушілердің арасында авиация сарапшыларынан бөлек, блогерлер мен әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушылар да бар», - дейді Авиация комитетіндегілер.
Ұшақ апатына қатысты пікір білдіруге арнайы құрылған комиссияның ғана құқығы бар екен.
«Айта кету керек, ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі № 505 бұйрығымен бекітілген Азаматтық және эксперименттік авиациядағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексерудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылған тәжірибелеріне сәйкес, тергеу барысы туралы ақпарат тергеу аяқталғанша бөгде адамдарға жария етілмеді. Жоғарыда айтылғандай, ұшақ апатына қатысты тексеру оқиғалары мен барысына түсініктеме беруге тек арнайы құрылған комиссияның құқығы бар», - делінген комитет хабарламасында.
Бұған дейін Үкімет басшысы Асқар Мамин апат себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия 2020 жылдың 10 қаңтарына қарай өз жұмыстарының алдын ала қорытындыларын ұсынуы тиіс деген болатын.