Жарысқа шыққан хоккейшілер қар құрсауында қалды

Автор: Azattyq Rýhy

30 адам Қазақстан чемпионатына қатысуға жолға шыққан

Алыс сапарға автобуспен шыққан  «Ақтөбе» хоккей клубының ойыншылары иен далада қар құрсауында қалып қойды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Спортшылар Ақтөбеден Петропавл қаласына жол тартқан. Аяз күні омбы қарға батып қалған автобус салонында 18 бен 37 жас аралығындағы 28 хоккейші мен 2 жаттықтырушы болған. Хоккейшілер жоғарғы лига чемпионатының екінші кезеңіне қатысу үшін бір мың шақырым жол жүріп өткен. Алайда,   Тимирязево-Сарыкөлге, яғни Солтүстік Қазақстан облысының шекарасынан әрі аса алмай, көлік жолда қалған.

«Жүргізуші тасжолдардағы қозғалысқа шектеу қойылғанға дейін жолға шыққан. Естеріңізге салсақ, аталмыш жол учаскесі 5-қаңтар күні сағат 18:30-да ауа-райының қолайсыздығына байланысты уақытша жабық болған. Ал жүргізушілер сол күні таңғы сағат алтыда жолға шыққан.  Автобусты қардан шығару үшін автогрейдер мен бульдозер  іспеттес арнайы техника жұмылдырылды.

Жолда қалған спортшылар үшін Тимирязев ауданының әкімі түскі ас ұйымдастырды. "Ақтөбе" мен "Қызылжар" хоккей клубтары арасындағы ойын 7-қаңтар күні Петропавл қаласындағы Александр Винокуров атындағы спорт сарайында өтуі тиіс», -деді «ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ» баспасөз қызметінің жетекшісі Маржан Ордабай.

Ауа райының қолайсызыдғына байланысты қазіргі сәтте ресупубликадағы маңызы бар автожолдарда мамандар 635 бірлік техникамен кезекшілікке шыққан.