Белгіленбеген жерлерде темекі шеккен 429 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Дәмхананың әкімшісіне қатысты ҚР ӘҚБК 441-бабы бойынша хаттама толтырылып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының орталық полиция бөлімінің ювеналдық полиция қызметкерлері рейдтік алдын алу іс-шараларын өткізу барысында Генерал Дүйсенов көшесіндегі дәмханада кальян шегу фактісін анықтады.
«Қазақстанда темекі шегу туралы заңнама күшейтілді. Жаңа заңға сәйкес, өз үйіңізден басқа барлық жерде кальян шегуге тыйым салынады», - деп атап өтті полиция майоры Әсия Әлкеева.
Сонымен қатар, адам денсаулығына қауіпті азайту үшін темекі өнімдері мен электронды темекі шегуге тағы бірнеше қоғамдық орындарда тыйым салынды. Енді жабық қоғамдық аялдамаларда, ойын алаңдарында, метрода және жер асты өткелдерінде темекі шегуге тыйым салынған.
Естеріңізге сала кетсек, жылдың басынан бастап белгіленбеген жерлерде темекі шегіп, заңнама талаптарын бұзғаны үшін 429 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.