«Баласы аурушаң, ата-анада жағдай жоқ»: Кенжебек Жанәбіловт3ң жары мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық туралы айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Ол әңгіме барысында тұңғыштарының жағдайы бүгінде жақсарып келе жатқанын айтты

Белгілі әнші Кенжебек Жанәбіловтің есту қабілеті нашар балаларға арналған мектебі бүгінде жабық тұр. Алайда өнер иесі алдағы уақытта Түркістан облысынан дәл сондай тағы бір орталықты ашуды жоспарлап жүр. Бұл туралы оның жары  Жәмилә Төлегенқызы «Жұлдыздың жары» жобасында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көпшілік үшін алғаш рет сұхбат берген «МузАрт» тобының мүшесі Кенжебек Жанәбіловтың жары әңгіме барысында тұңғыштарының жағдайы бүгінде жақсарып келе жатқанын айтты.

«Ол ақыл-есі түзу бала. Тек құлағының есту қабілеті басқа балалардан төмен болды. Құлағы дұрыс естімегендіктен ондай балада міндетті түрде деффект болады. Алты жасында операция жасаттық. Ол үшін шетелден арнайы мамандар шақырттық. Біз негізі кеш білдік. Мәселен шетелде бала туыла сала мамандар құлағын тексеріп, ақауы болса бірден операцияға кіргізеді. Ал бізде 2007 жылдары ондай аппарат болған жоқ. Ол бізге енді келді», - дейді әншінің жары.

Жәмиләнің айтуынша, елімізде есту аппаратынан бөлек, сурдопедагог мамандар  да тапшы.

«Ең қиын нәрсе – балаға аппарат қойғаннан кейін тілді үйрету, әріпті үйрету оңайға соққан жоқ. Өзіңіз ойлап қараңыз, алты жыл бойы құлағы естімеген баланың бірден есту қабілеті пайда болады. Ол бала әрине сөйлей алмайды, мына әлемді бірден қабылдай алмайды ғой. Ол өте үлкен еңбек. Бір ғана «А» деген әріпті үйрету үшін 10-15 күндей жұмыс жасайсың. Әріппен әріпті қосып, сөзден сөйлем құрап үйрету – үлкен еңбек. Бізде сурдопедагогтар аз болғандықтан, айлап кезекке тұрдық. Мұндай мамандар бізде өте аз. Ұлым еш қысылмайды. «Мен мынаны айта алмай тұрмын, мен сөйлей алмай тұрмын» деген комплекс мүлдем жоқ», - дейді Жәмилә.

Елімізде мұндай санаттағы балалардың аз еместігін және көп ата-ананың емге жұмсайтын қаражаты бола бермейтіндігін ескерген әнші бірер жыл бұрын арнайы орталық ашты. Онда балалар әріп танып, білім алады. Алайда карантинге байланысты мектеп қазіргі уақытта жабық тұр екен.

«Ата-ананың мұғалімнен бұрын, жолға төлеп келетін ақшасы болмайтын. Баласы аурушаң, оқытқысы келеді, бірақ ата-анада жағдай жоқ. Бізде 150 шақты оқушы болды. Біз бүкіл жағдайды жасадық. Тек жолын төлеп келеді, оқу тегін болды. Қазір Кенжебек үлкен жоба жасатып жатыр. Түркістан облысынан осындай үлкен мектепті ашуды жоспарлап жүрміз»,- дейді Жәмилә Төлегенқызы.