Әлемде коронавирустан 9 мыңнан аса бала көз жұмды
Мутацияланған штамдар кішкентай ағзаның вирусқа төтеп беруін қиындатуда
Пандемия басталғалы әлем бойынша коронавирустан 9 мыңнан аса бала көз жұмды. Жеткіншектер арасындағы өлім жағдайының көбеюіне «дельта» штамының өршіп кетуі себеп болған, деп хабарлайды Алматы арнасы.
Коронавирус әлемде енді тарай бастағанда балалар инфекцияны үлкендерге қарағанда жеңіл өткеретін. Ал қазір мутацияланған штамдар кішкентай ағзаның вирусқа төтеп беруін қиындатып жатыр. Соның салдарынан қазір балалар жиі ауыра бастаған. Мәселен, былтыр Алматыда бұл індетке 281 бала шалдықса, бүгінде 15 мыңнан аса жеткіншек жұқтырып отыр. Сондай-ақ педиатрлар қазір балалардың оңалуы да ұзаққа созылып кеткенін алға тартты. Тіпті, асқыну кезінде көпжүйелі қабыну белгілері және мен жоғары температура ұзақ сақталады екен. Ең сорақысы CОVID-19 вирусы сәбилердің өміріне қауіп төндіреді дейді мамандар.
«Балалар белсенді ауру тасымалдаушы саналады. Көп жағдайда ересек адамдар, содан соң егде жастағы адамдар балалардан инфекция жұқыруда. Ал ол инфекция аталған топтарда өте ауыр өтуде. Сондай-ақ үйінде 1 жасқа дейінгі нәрестелері бар жанұялардың мүшелері де толық екпе алуы керек», – деді Алматы қалалық №15 емхананың балалар дәрігері Мөлдір Әкімжан.