Бірақ өңір әлеуметтік қажетті азық-түліктің ішінде күрішпен ғана толық қамтылады
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова елімізде азық-түлік бағасы қымбаттағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кезінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болған облыс әкімі өзі басқаратын өңір мен астананың азық-түлік бағасында айырмашылық барын жасырмайды.
«Әлем елдері бойынша астаналарда баға қымбат болатыны қалыпты жағдай. Расымен, салыстырмалы түрде Нұр-Сұлтан мен Қызылорда қаласында баға айырмашылығы сезіледі. Бізде баға төменірек. Бірақ өңір әлеуметтік қажетті азық-түліктің ішінде күрішпен ғана толық қамтылады. Қалғаны Түркістан облысынан алып келетін өнімдер. Облыс бойынша жыл басынан бері 101 пайызға қымбаттау байқалады. Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз», ˗ дейді әкім.
Оның айтуынша, облыста жұмыртқа бағасы 310-420 дейінгі аралықта. Соңғы уақытта Қарағанды және Солтүстік Қазақстаннан келетін жұмыртқа бағасы айтарлықтай қымбаттап кеткен.
Сонымен қатар, әкім өз сөзінде Арал ауданында жол мәселесі әлі шешім таппай отырғанын айтты.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы