Депутат: ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігі күмән тудырады

Автор: Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, бұл елдегі ЖОО-ын жаппай жабуға емес, керісінше біліктілігін арттыру және бәсекеге қабілетті болуға жағдай жасайды

Мәжілісмендер елдегі ЖОО-ын конкурстық негізде төрт лигаға бөлуді ұсынды, деп хабарлайды хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қанат Нұров ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Оның айтуынша, академиялық еркіндікке қарамастан, жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілік деңгейі әлі де күмән тудырады.

«Шетелдік ЖОО-ны таңдаған қазақстандықтар саны 90 мыңнан асты. Сол үшін ЖОО-ны ашық реттеу және тиімді қаржыландыру мақсатында конкурстық негізде лигаларға бөлуді ұсынамыз. Бірінші лига – «халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті» (10 және одан да көп ЖОО-дан), екінші лига – «ұлттық (республикалық) деңгейде бәсекеге қабілетті» (15 және одан да көп ЖОО-дан) және үшінші лига – «өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті» (20 және одан да көп ЖОО-дан). Ал қалған жоғары оқу орындары төртінші лиганы құрауы тиіс. Онда жоғарыда аталған үш лигаға кіруге қажетті дербестік дәрежесін алу, мақсатты қаржылық қолдау, Білім және ғылым министрлігін профилактикалық тексерулерден босату және университет миссиясын іске асыру шеңберінде кешенді дамыту тұжырымдамасы болуы тиіс», ˗ дейді депутат.

Оның айтуынша, бұл елдегі ЖОО-ын жаппай жабуға емес, керісінше біліктілігін арттыру және бәсекеге қабілетті болуға жағдай жасайды.

Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы