Қазан айында 2800-ден астам алтын құйма сатылды – Ұлттық банк

Автор: Azattyq Rýhy

Алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, БанкЦентрКредит және банктік емес айырбастау пунктерінен сатып алуға және кері сатуға болады

2021 жылдың қазан айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 88,6 кг өлшенген 2 814 құйма сатылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Халық үшін тазартылған алтын құймаларын сату және сатып алу бағдарламасын (бұдан кейін – Бағдарлама) Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама іске қосылғаннан бері жалпы салмағы 2,5 т. 68 230 алтын құйма сатылды.

«Алтын құймалардың бес түрі сатылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г салмақтағы құймалар. Ал сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие құйма – 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылым көлеміндегі үлесі 28% немесе 19 090 дана. Одан кейін сұранысқа ие түрлері – салмағы 100 граммдық – 15 204 дана (22%) және 20 граммдық – 13 282 дана (20%), 5 граммдық – 11 651 дана (17%), 50 граммдық – 9 003 (13%) құйма. Көбінесе, алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларының тұрғындары арасында сұранысқа ие.

Жалпы, алтын құймалар инвестицияның сенімді құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы жоғары сатылымды қамтамасыз ететін басты факторлардың бірі – екінші деңгейлі банктер мен банктік емес ұйымдар тұтынушыға ақшаны тапсырған күні төлеп, алтын құйманы кері сатып ала алады», - деп жазады Ұлттық банк.

Бағдарлама іске қосылғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері жалпы салмағы 247 кг өлшенген 10 126 құйманы кері сатып алуға қабылдады, бұл жалпы құймалардың 15%-ын құрайды. Қабылданған құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің аумақтың филиалдарына қайтарылмастан халыққа сатылады.

«Әрбір алтын құйма оны қорғап тұратын элементтермен (құймалардың беті қапталып, микротекси жазылады және рельефт жиегі салынады) және арнайы қорапқа салынып жасалады, қорап құйманы механикалық тұрғыда қорғайды, әрі қорап ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорап, сондай-ақ, сапа сертификатына да жауап береді. Сондықтан, құйманы дұрыс сақтап, қорабын бүлдірмеген жөн», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, БанкЦентрКредит және банктік емес айырбастау пунктерінен сатып алуға және кері сатуға болады.