«Ақшаның бәрі желге ұшып жатыр»: Антикор басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы жемқорлықты тергеу ісі жалғасатынын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Кешенді талдау барысында 65 қылмыстық іс қозғалып, 14 адам қамауға алынды

Фото ашық дереккөзден

Ауылшаруашылық саласындағы жемқорлықты тергеу ісі әлі де жалғасады. Антикор басшысы Марат Ахметжанов қазір 65 қылмыстық іс қозғалғанын айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қыруар қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқанына налыған ол, бұл бағытта түбегейлі өзгеріс қажет деп отыр. 

«Ережені, тұжырымдаманы Ауыл шаруашылығы министрлігі  бекітеді. Ақша бөлумен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Ал аймақтық жергілікті  әкімдік бақылауға міндетті. Осындай бұлыңғыр жауапкершілік бейберекеттікке алып келді. Кешенді талдау барысында 65 қылмыстық іс қозғалып, 14 адам қамауға алынды. Қазір тергеу әрі қарай жалғасып жатыр. Біз ешқандай тиімділік жоғын көрсеттік. Ақшаның бәрі желге ұшып жатқанмен бірдей», - деді  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов.

Ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияны май-шелпекке айналдырғандардың соңына шам алып түскен антикор қызметкерлері соңғы бес жылда 960 қылмыстық іс қозғалып, 450 тұлға жауапқа тартылғанын айтады. Алайда  адал шаруаларды тиесілі қаржыдан қаққандар әлі күнге дейін еш сабақ алмаған.

Сараптама көрсеткендей, жыл сайын белгілі схема бойынша субсидияны жымқыру жалғасқанымен, оның себебі анықталмапты. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында шенеуніктер алдау жолымен бірнеше фермердің атынан жалған құжат әзірлеп, істен шыққан құрылға орнатса, кей аймақта жоқ малға субсидия бөлінген.

Жақында агросалада субсидия жымқыруға қатысты ірі опреация басталған болатын. Ал ведомство тарапы болашақта жемқорлықпен күресті нығайтып, түрлі зерттеу жүргізу бағытында БАҚ өкілдеріне иек артпақ. Сол себепті антикор басшылығы журналистердің құқығын қорғаудың заңнамалық шектері мен кепілдіктерін белгілеуді ұсынады.